Алә сүресі

Wikiquran QAZ жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу

(87:0) Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

(87:1) Ұлы Раббыңның атын дәріпте.

(87:2) Ол сондай Алла; жаратып, толықтаған,

(87:3) Ол сондай Алла, шамалап оңғарған.

(87:4) Ол сондай Алла, жайылысты жаратқан.

(87:5) Сосын оны қапқара қоқымға айналдырған.

(87:6) Саған Құран оқытамыз; сонда оны ұмытпайсың.

(87:7) Бірақ, Алланың қалағаны басқа. Негізінде Ол, көрнеу, көместі біледі.

(87:8) Саған оңай болғанды қолайластырамыз.

(87:9) Пайда беретін болса, насихат ет.

(87:10) Әлде кім Алладан қорықса, үгіт алады.

(87:11) Сорлы болғандар одан бой тежейді.

(87:12) Ол, сондай зор тозаққа салынады.

(87:13) Сосын ол арада өлмейді де тірілмейді.

(87:14) Әлде кім тазарса, ол құтылады.

(87:15) Ол, Раббының атын еске алып, намаз оқыды.

(87:16) Бірақ сендер дүние тіршілігін артық көресіңдер.

(87:17) Ақырет қайырлы да, тұрақты.

(87:18) Негізінен бұл үкімдер бұрынғы нұсқаларда бар;

(87:19) Ибрахим, Мұсалардың нұсқаларында.