Духан сүресі

Wikiquran QAZ жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу

(44:0) Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

(44:1) Ха, Мим.

(44:2) Ашық баян етуші Құранға серт.

(44:3) Шын мәнінде оны құтты бір кеште түсірдік. Расында Біз ескертушіміз.

(44:4) Ол кеште барлық хикметті істер айрылады.

(44:5) Бұл өз қасымыздан бір бұйрық. Расында Біз жіберушіміз.

(44:6) Раббыңның игілігі. Күдіксіз Ол, әр нәрсені естуші, толық білуші.

(44:7) Егер анық сенетін болсаңдар, көктер мен жердің әрі екі арасындағылардың Раббы.

(44:8) Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Тірілтеді, өлтіреді. Сендердің де Раббыларың, бұрынғы аталарыңның да Раббы.

(44:9) Бірақ олар, бір күдік ішінде ойнауда.

(44:10) Ендеше аспанның бір ашық түтін келтіретін күнін күт.

(44:11) Адамдарды қаптап алады; Бұл жан түршігерлік азап.

(44:12) Олар: “Раббымыз! Бізден бұл азапты айықтыр. Шынында иман келтіргенміз.”

(44:13) Оларға үгіт алу қайда? Расында оларға ашық түсіндіруші елші келген.

(44:14) Сосын олар одан бұрылды да: “Үйретілген бір жынды” деді.

(44:15) Расында бейнетті біраз айықтырамыз. Дау жоқ! Сендер қайталайсыңдар.

(44:16) Өте қатты ұстаумен ұстаған күні, әрине тиісті жазасын береміз.

(44:17) Расында бұлардан бұрын Перғауын елін де сынаған едік. Оларға ардақты елші келген.

(44:18) Ол деді: «Маған Алланың құлдарын қайтар. Мен сендерге сенімді елімін.

(44:19) “Аллаға астамшылық қылмаңдар. Шын мәнінде сендерге ашық дәлелмен келдім.”

(44:20) “Күдіксіз мен сендердің таспен атуларыңнан Раббыма және сендердің де Раббыларың (Аллаға) сиындым.”

(44:21) “Егер маған иланбасаңдар, менен аулақ болыңдар.”

(44:22) Сонда: “Бұлар қылмысты ел” деп, Раббына жалбарынды.

(44:23) “Құлдарымды түнде алып кет. Сөз жоқ, арттарыңа қуғыншы түседі.”

(44:24) “Теңізді ашық қойып қой. Өйткені олар суға бататын ләшкер!

(44:25) Олар қаншалаған бақшалар, бұлақтар қалдырды;

(44:26) Қаншалаған егіндер, көркем мекендерді де.

(44:27) Сондай-ақ ішінде қарқ болып кенелген дәулеттерді де.

(44:28) Осылайша оларға басқа бір елді мұрагер қылдық.

(44:29) Оларды аспан да, Жер де, жылаған жоқ және оларға мерзім (берілмеді).

(44:30) Расында Израил ұрпақтарын қорлаушы бейнеттен құтқардық;

(44:31) Перғауыннан. Өйткені ол, тым шектен шығушылардан еді.

(44:32) Расында Израил ұрпақтарын біле тұра әлемге ықпалды қылдық.

(44:33) Сондай-ақ оларға мұғжизалар бердік. Онда ашық сынау бар еді.

(44:34) Күдіксіз олар, бүйдейді:

(44:35) “Бізге осы алғашқы өлімнен басқа түк жоқ. Сондай-ақ біз қайта тірілмейміз;”

(44:36) “Мүбада рас айтушы болсаңдар, аталарымызды алып келіңдерші;”

(44:37) Олар артық па? Немесе Тұббағ елі ме? Олардан бұрынғы елдер ме? Оларды да жоқ еттік. Өйткені олар қылмысты еді.

(44:38) Біз Аспанды мен Жерді және олардың арасындағы нәрсені, көңіл көтеру үшін жаратпадық.

(44:39) Біз оларды (Аспанды мен Жерді) тек ақиқат үшін жараттық, бірақ олардың көпшілігі бұл туралы білетін емес.

(44:40) Расында, Айыру күні — барлығы үшін (белгіленген) мерзім.

(44:41) Жақын адам өзінің сүйіктісіне ешбір көмек көрсетпейтін.

(44:42) Және Алла рақым еткендерден басқа ешкімге көмек берілмейтін күн болады. Расында, Ол Құдіретті, Мейірімді.

(44:43) Шынында заққұм ағашы;

(44:44) Күнәкарлардың тамағы.

(44:45) Балқыған кен сияқты қарындарында қайнайды.

(44:46) Қайнаған су құсаған.

(44:47) “Оны ұстаңдар да сүйретіп, тозақтың ортасына тастаңдар.”

(44:48) “Сосын басының үстіне азап ретінде қайнар су қойыңдар.”

(44:49) “(Азапты) тат. Расында сен өзіңше үстем, құрметті едің.”

(44:50) “Шынында күдіктенген нәрселерің осы.”

(44:51) Шын мәнінде тақуалар аман бір орында болады;

(44:52) Бақшаларда, бұлақтарда,

(44:53) Жұқа қалың жібектер киіп, ерсілі-қарсылы отырады.

(44:54) Осы сияқты, сондай-ақ оларды бота көз хұрлармен үйлендіреміз.

(44:55) Ол жерде бейбіт түрде әр түрлі жемісті сұрай алады.

(44:56) Ол жерде дүниедегі алғашқы өлімнен басқа ешбір өлім татпайды. Алла оларды тозақтың азабынан сақтаған.

(44:57) Раббыңнан кеңшілік, міне осы зор қол жеткендік.

(44:58) Расында сақтанулары үшін оны тіліңнен жеңілдеттік.

(44:59) Нәтижені сен де күт. Расында олар да күтуде.