Йасин сүресі

Wikiquran QAZ жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу

Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Алланың есімімен (бастаймын).

(36:1) Йа, Син.

(36:2) Терең сырлы Құранға серт.

(36:3) Шәксіз сен анық елшілерденсің.

(36:4) Тура жолдасың.

(36:5) Өте үстем, ерекше мейірімді Алла түсірген.

(36:6) Аталары ескертілмей өздері кәперсіз қалған елге ескертуің үшін.

(36:7) Расында олардың көбі зиянына берілген қаулыға лайық болды. Сондықтан олар иман келтірмейді.

(36:8) Рас олардың мойындарына бұғаулар салдық. Сонда ол, иектеріне дейін; сондықтан олардың бастары кекжиіп қалған.

(36:9) Олардың арттарынан да бөгет алдарынан да бөгет жасап, көздерін қаптадық. Олар көрмейді.

(36:10) Оларға ескертсең де ескертпесең де бәрі бір. Олар иман келтірмейді.

(36:11) Шын мәнінде сен, үгітке еріп, Рахманды көрмей-ақ қорыққан кісілерге ескерте аласың. Ал оларды жарылқау және құрметті сыйлықпен қуант!

(36:12) Рас Біз өліктерді тірілтеміз. Сондай-ақ олардың ілгері жіберген, кейін қалдырған нәрселерін жазамыз. Әр нәрсені ашық бір Кітапта түгендеп қойдық.

(36:13) Оларға, елшілер келген кент халқын мысал көрсет.

(36:14) Оларға екеуін жібердік. Сонда олар екеуін де жасынға шығарды. Үшіншісімен қуаттадық. Олар айтты: “Рас сендерге елшіміз”.

(36:15) “Сендер біз сияқты ғана адамсыңдар. Сендерге Рахман, еш нәрсе жіберген жоқ. Сендер мүлде өтірік айтасыңдар” деді.

(36:16) “Раббымыз біледі. Расында сендерге елшіміз.”

(36:17) “Бізге ашық түрде жалғастыру ғана міндет” деді.

(36:18) Олар: “Расында сендердің кесірлеріңнен сәтсіздікке ұшырадық. Егер айтқандарыңнан қайтпасаңдар, әлбетте сендерді таспен атқылаймыз. Сондай-ақ сөзсіз сендер бізден жан түршігерлік қинау көресіңдер” деді.

(36:19) “Сәтсіздіктерің өздеріңмен бірге. Берілген үгітті ырым қыласыңдар ма? Олай емес. Сендер шектен шыққан елсіңдер” деді.

(36:20) Қаланың шетінен біреу жүгіріп келіп: “Әй қаумым! Елшілерге ілесіңдер” деді.

(36:21) “Сендерден ақы сұрамайтын кісілерге еріңдер. Олар тура жолда.”

(36:22) “Өзімді жаратқанға неге құлшылық қылмаймын? Және сендер де Соған қайтарыласыңдар.”

(36:23) “Одан өзге тәңірлер етіп алайын ба? Мүбада Алла маған зиян келтіргісі келсе, Олардың қолдаулары маған ешбір пайда бермейді де олар мені құтқара алмайды.”

(36:24) “Сөз жоқ, онда мен ашық адасуда боламын.”

(36:25) “Күдіксіз Раббыларыңа иман келтірдім. Енді маған құлақ салыңдар.”

(36:26) “Жаннатқа кір” делінді де ол: “Әттең! Елім білген болса еді;”

(36:27) “Раббымның мені жарылқап, ардақтылардан еткенін” деді.

(36:28) Одан кейін оның еліне, көктен бір әскер түсірмедік әрі түсіруші де емеспіз.

(36:29) Ол бір ғана дауыс еді. Сонда олар сөніп, жоқ болды.

(36:30) Өздеріне келген елшіні ұдайы мазақ қылған құлдарға нендей өкініш!

(36:31) Олардан бұрын қаншалаған нәсілдерді жоқ еткенімізді; олардың бұларға қайтып келмейтінін көрмей ме?

(36:32) Біртұтас барлығы алдымызға жиналады.

(36:33) Оларға өлі жер; бір белгі. Оны жандандырып, одан дән шығарамыз да сонда олар одан жейді.

(36:34) Сондай-ақ онда құрмалардан, жүзімдерден бақшалар қылып, онда бастаулар ағыздық.

(36:35) Оның жаратқан өнімінен әрі өздері қолекі істеген нәрселерінен жесін. Сонда да шүкір қылмай ма?

(36:36) Жер өсіретін нәрселерді, өздерін, және олар білмеген нәрселерді жұп етіп жаратқан өте Пәк.

(36:37) Оларға түн бір белгі. Одан күндізді ажыратамыз. Сонда олар, қараңғылықта қалады.

(36:38) Сондай-ақ күн белгіленген көлемінде жүреді. Міне осы аса үстем, әр нәрсені білуші Алланың өлшеуі.

(36:39) Тағы айдың орындарында өлшеп қойдық. Ескі құрманың қураған бұтағындай болғанға дейін.

(36:40) Күннің айға жетуі мүмкін емес. Және түн де күндізден ілгерлемейді. Әрбірі көкте жүзеді.

(36:41) Олардың нәсілдерін толы кемеде тасуымыз, олар үшін бір белгі.

(36:42) Әрі олар үшін сол сияқтыдан мінетін көліктер жаратуымыз да.

(36:43) Қаласақ, оларды суға батырамыз. Сонда оларға болысушы да жоқ, олар құтқарылмайды да.

(36:44) Бірақ Біздің тарапымыздан бір мәрхамет және бір мерзімге дейін пайдалану болады.

(36:45) Қашан оларға: “Алдарыңдағы және арттарыңдағы жағдайлардан сақтаныңдар. Әрине мәрхаметке бөленесіңдер” делінсе;

(36:46) Сондай-ақ оларға Раббыларының белгілерінен бір белгі келсе-ақ олар одан жалтарады.

(36:47) Қашан оларға: “Алланың сендерге берген несібесінен тиісті орынға жұмсаңдар” делінсе, сондай қарсы болғандар: “Алла қаласа, тамақтандыратын біреулерді біз тамақтандырамыз ба? Сендер мүлде адасқансыңдар” деді.

(36:48) Олар: “Егер шын айтсаңдар, бұл құқайларың қашан?” дейді.

(36:49) Олар таласып тұрғанда, оларды қолға алатын бір-ақ ащы дауыс күтіп тұрады.

(36:50) Сонда олар өсиет айта алмайды да үйлеріне де қайта алмайды.

(36:51) Сүр үрілсе, сонда олар қабырларынан Раббыларына жүгіреді:

(36:52) “Әттең-ай, бізді жатқан жерімізден кім тұрғызды?”,-дейді. “Міне мейірімді Алланың уәдесі. Елші де шын айтқан” (делінеді).

(36:53) Бір ғана айғай болады да сонда тұтас алдымызға әзір болады.

(36:54) Ал енді бүгін ешкімге зұлымдық етілмейді. Сондай-ақ істегендеріңнің ғана бодауын көресіңдер.

(36:55) Расында жаннаттықтар, ол күні зауықты шұғылдануда болады.

(36:56) Олар да, жұбайлары да көлеңкелердегі дивандарға жастанған түрде болады.

(36:57) Олар үшін онда жемістер және өздеріне не тілегендері бар.

(36:58) Ерекше мейірімді Раббыларынан оларға: “Сәлем” сөзі болады.

(36:59) “Әй күнәкарлар! Бүгін араны ашыңдар!”

(36:60) Мен сендерге Адам ұрпақтары, Шайтанға құлшылық етпеңдер деп әмір етпедім бе? Расында, ол сендердің айқын дұшпаның,

(36:61) “Маған құлшылық қылыңдар. Тура жол осы!”

(36:62) Расында ол, сендерден көптеген топты адастырды. Сонда да түсінбейсіңдер ме?

(36:63) Сендерге уәде етілген тозақ осы.

(36:64) Қарсы келулерің себепті бүгін оған кіріңдер.

(36:65) Ол күні олардың ауыздарын мөрлейміз. Бізге олардың қолдары сөйлеп, не істегендеріне аяқтары айғақ болады.

(36:66) Мүбада қаласақ, олардың көздерін мүлде соқыр қылар едік те сонда олар жол іздесе, қайтып көрер еді?

(36:67) Егер қаласақ, олардың мекендерінде әлбетте бейнелерін өзгертер едік. Сонда олар ілгері де кейін де кете алмас еді.

(36:68) Әлде кімге өмір берсек, жаратылыста оны қайта бастырамыз. Олар түсінбей ме?

(36:69) Өлең үйретпедік әрі оған ол лайық емес. Ол бір үгіт және ашық Құран ғана.

(36:70) Тірі кісілерге ескерту, қарсы болғандарға байланысты сөз шынға шығу үшін.

(36:71) Олар үшін рас құдыретімізбен хайуандарды жаратқанымызды көрмей ме? Сондай-ақ өздері оларға иелік етеді.

(36:72) Малды, оларға бойсұндырдық. Олар кейіне мінеді, кейінің етін жейді.

(36:73) Олар үшін малдарда түрлі пайдалар, сусындар бар. Сонда олар шүкірлік қылмай ма?

(36:74) Олар Алладан өзге тәңірлер жасап алып, олардан көмек көретіндіктерін үміт етеді.

(36:75) Олардың өздеріне көмегі жоқ. Олардың өздері ол пұттарды қорғау үшін әзір әскер.

(36:76) Олардың сөздері сені кейітпесін. Әрине Біз олардың көрнеулерін де, көместерін де білеміз.

(36:77) Адам баласы өздерін бір тамшы судан жаратқанымызды көрмей ме? Сонда да ашық қиқарлық істейді.

(36:78) Олар өз жаратылысын ұмытып, Бізге мысал берді: “Міне шіріген сүйектерді кім тірілтеді?”,- деді.

(36:79) “Оны, сондай алғаш жаратқан тірілтеді. Ол, барлық жаратылысты біледі” де.

(36:80) Ол сондай Алла, сендерге жасыл ағаштан от жаратты. Сол уақытта сендер оны жағасыңдар.

(36:81) Сондай көктер мен жерді жаратқан Алла, олар сияқтыны жаратуға күші жетпей ме? Әлбетте күші жетеді. Ол, әр нәрсені жаратушы, толық білуші.

(36:82) Шын мәнінде Ол, бір істің болуын қаласа, Оның бұйрығы оған “бол” деу. Сонда ол бола қалады.

(36:83) Барлық нәрсенің билігі қолында болган әрі сендер Соған қайтарылатын Алла; кемшіліктен пәк.