Мудассир сүресі

Wikiquran QAZ жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу

(74:0) Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

(74:1) Әй жамылушы!

(74:2) Тұр енді! Адамдарға ескерт!

(74:3) Раббыңды ұлықта!

(74:4) Киіміңді тазала!

(74:5) Әр түрлі лас істерден аулақ бол!

(74:6) Көп міндет қылма.

(74:7) Раббың үшін сабыр ет.

(74:8) Қашан Сұр үрілсе;

(74:9) Міне сол күн, өте ауыр күн.

(74:10) Негізінен қарсы келушілерге қолайсыз.

(74:11) Мені, жаратқан кісімменен жалғыз қалдыр.

(74:12) Оған көптеген мал бердім.

(74:13) Әзір тұратын ұлдар бердім.

(74:14) Оның жағдайын кеңітіп, ықпалын арттырдым.

(74:15) Сосын тағы да арттыра түсуімді үміт етті.

(74:16) Әсте болмайды. Өйткені ол, қасарысқан еді.

(74:17) Жақында оны өрге зорлаймын.

(74:18) Өйткені ол, ойластырып, шамалады.

(74:19) Сосын ол өлгір, қалай шамалады?

(74:20) Содан кейін ол жаны шыққыр, қайтып мөлшерледі?

(74:21) Сосын ол, қарады.

(74:22) Содан кейін ол, қабағын шытып, томсарды.

(74:23) Сосын ол, теріс айналып паңданды.

(74:24) Сонда ол: “Бұл, үйретіліп келе жатқан бір сиқыр” деді.

(74:25) “Бұл, адамның сөзі ғана.”

(74:26) Оны жағатын тозаққа саламын.

(74:27) Ол тозақтың не екенін қайдан білдің?

(74:28) Кейін қалдырмайды да шала тастамайды.

(74:29) Ол, адам терісін өртейді.

(74:30) Оның үстінде он тоғыз.

(74:31) Тозақтың күзетшілерін періштелерден ғана қылдық. Сондай-ақ олардың сандарын қарсы келушілерге анық бір сынау қылдық… Өздеріне кітап берілгендер, сенсін. Әрі иман келтіргендердің сенімдері арта түссін. Кітап иелері мен мүміндер күмәнданбасын. Сондай-ақ жүректерінде дерті болғандар мен қарсы болғандар: “Алла, бұл мысалмен нені қалайды?”,- десін. Осылайша Алла, қалағанын адастырып және кімді қаласа, тура жолға салады. Раббың жасақтарының санын өзі ғана біледі. Бұл адамдар үшін бір насихат.

(74:32) Жоқ олай емес. Айға серт,

(74:33) Қайтқан сәтте, түнге серт,

(74:34) Ағарған сәтте, таңға серт.

(74:35) Шын мәнінде ол тозақ, әрине үлкен оқиғаның бірі.

(74:36) Адамдар үшін ескерту.

(74:37) Сендерден ілгері кетуді немесе кейін қалуды қалаған біреулер үшін ескерту.

(74:38) Әркім істеген ісінің орнына ұсталады.

(74:39) Бірақ амал дәптері оңынан берілгендер басқа.

(74:40) Олар жаннаттарда сұрасады!

(74:41) Қылмыстылардан:

(74:42) “Сендерді тозаққа кіргізген не нәрсе?”

(74:43) Олар: “Біз намаз оқушылардан емес едік.”

(74:44) “Әрі міскінді тамақтандырмайтын едік.”

(74:45) “Бұзықтыққа кірісушілермен бірге кірісіп жүрген едік.”

(74:46) “Қиямет күнін өтірік деген едік.”

(74:47) “Өзімізге өлім келгенге дейін”.

(74:48) Сонда оларға шапағатшылардың шапағаты пайда бермейді.

(74:49) Ал оларға насихаттан жалтаратын не болды?

(74:50) Олар мүлде үріккен құлан сияқты,

(74:51) арыстаннан қашқан…

(74:52) Жоқ, олардан әрбіреуі өзіне бір ашық нұсқа берілуін қалайды.

(74:53) Жоқ, олар ақыреттен қорықпайды.

(74:54) Олай емес. Шын мәнінде Құран бір насихат.

(74:55) Кім қаласа, одан үгіт алады.

(74:56) Алла қаламайынша, олар, үгіт ала алмайды. Ол Алла, қорқылуға лайық, жарылқау иесі.