Нұх сүресі

Wikiquran QAZ жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу

(71:0) Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

(71:1) Расында Нұхты, еліне: “Қауымыңды күйзелтуші азап келуден бұрын қорқыт” деп, жібердік.

(71:2) “Шын мәнінде мен сендерге ашық ескертушімін” деді.

(71:3) “Аллаға құлшылық қылыңдар, Одан қорқыңдар, маған бағыныңдар;”

(71:4) “Күнәларыңды жарылқайды және өздеріңді белгілі бір мерзімге дейін кешіктіреді. Егер білген болсаңдар, шын мәнінде Алланың өлшеулі мезгілі жетсе кешіктірілмейді.”

(71:5) “Раббым! Расында мен елімді күндіз-түні шақырдым.”

(71:6) “Бірақ шақыруым, олардың қашуын ғана арттырды.”

(71:7) “Расында мен оларды Сенің бағыштауың үшін шақырған сайын, олар саусақтарын құлақтарына тығып, киімдерін бүркенген бойда, қасарысып, паңданған сайын паңданды.”

(71:8) “Сосын рас мен оларды қатты дабыстап шақырдым.”

(71:9) “Одан кейін мен оларға ашықша да тіпті өздеріне көмес түрде жасырын да айттым.”

(71:10) “Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Өйткені Ол, өте жарылқаушы.” дедім.

(71:11) “Ол, сендерге аспаннан мол-мол жаңбыр жібереді.”

(71:12) “Әрі өздеріңді малдар, балалармен қамдайды. Және сендер үшін бақшалар жасап, өзендер ағызады.”

(71:13) “Алланың ұлықтығын ойламайтын сендерге не болды?”

(71:14) “Расында Ол, сендерді түрлі жағдайларда жаратты.”

(71:15) Алланың жеті аспанды бірінің үстіне бірін қалай жаратқанын көрмедің бе?

(71:16) Айды жарық етіп, күнді шам қылғанын.

(71:17) “Алла, сендерді жерден өсіріп өндірді.”

(71:18) “Сосын сендерді, ол жерге қайтарады сонан кейін қайта шығарады.”

(71:19) “Алла сендерге жерді төсеніш қылды.”

(71:20) “Оның кең жолдарында жүрулерің үшін.”

(71:21) Нұх айтты: “Раббым! Расында олар маған қарсы келді. Сондай-ақ олар, малдары, балалары өздеріне зияннан басқаны арттырмаған біреулерге ілесті.”

(71:22) “Олар зор айлакерліктер істеді.”

(71:23) Және олар: “Тәңірлеріңді тастамаңдар; Уад, Суағ, Яғұс, Яғұқ және Насырды әсте тастамаңдар” деседі.

(71:24) “Расында олар көпшілікті адастырды. Раббым! Сен де залымдардың адасуларын ғана арттыр.”

(71:25) Қылмыстарының салдарынан суға батырылды да отқа салынды. Енді олар, өздеріне Алладан өзге көмекші таба алмады.

(71:26) Нұх айтты: “Раббым! Жер жүзінде кәпірлерден ешбіреу тұрғын қалдырма”.

(71:27) “Егер оларды қалдырсаң, құлдарыңды жолдан адастырады да бұзақы кәпір балаларды ғана тудырады;

(71:28) “Раббым! Мені, әке-шешемді, мүмін болып үйіме кірген кісіні және мүмін ерлер мен мүмін әйелдерді жарылқа! Сондай-ақ залымдардың жоқ болуларын ғана арттыр” деді.