Тур сүресі

Wikiquran QAZ жобасынан алынған мәлімет
Мұнда ауысу: шарлау, іздеу

(52:0) Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

(52:1) Тұр тауына,

(52:2) Жазулы Кітапқа,

(52:3) Теріге жазулыға,

(52:4) Толықсыған үйге,

(52:5) Көтерілген төбеге,

(52:6) Және ыстық теңізге серт!

(52:7) Сөзсіз Раббыңның азабы болады.

(52:8) Оны тойтарушы жоқ.

(52:9) Сол күні аспан тербеліп шайқалады,

(52:10) Таулар ұшып жүреді.

(52:11) Сол күні өтірік деушілерге нендей өкініш!

(52:12) Олар, сондай орынсыз сүңгіп ойнағандар.

(52:13) Олар сол күні, тозаққа итеріліп, тасталады.

(52:14) “Міне! Сендер өтірік деген тозақ!”

(52:15) Ал осы бір сиқыр ма? Немесе сендер көрмейсіңдер ме?

(52:16) “Тозаққа кіріңдер. Шындасаңдар да шындамасаңдар да сендерге бәрі бірдей. Істегендеріңнің ғана сазайын тартасыңдар!

(52:17) Әрине тақуалар жұмақтарда ырысқа бөленеді.

(52:18) Раббыларының өздеріне берген нәрселерінің қызығын көреді. Оларды Раббылары тозақтың азабынан қорғаған.

(52:19) “Істеген амалдарың себепті жеңдер, ішіңдер. Сіңімді болсын.”

(52:20) “Тізілген дивандарға сүйенген түрде” (делінеді). Оларды бота көз хұрлармен үйлендіреміз.

(52:21) Сондай иман келтіргендер, олардың ұрпақтары да иман келтіріп, өздеріне ілескен болса, оларды ол ұрпақтарына қосамыз. Сондай-ақ олардың амалдарынан еш нәрсе кемітпейміз. Әркім істегенінің бодауына ұсталады.

(52:22) Оларға пейіште қызығатын ет пен жемісті молайтамыз.

(52:23) Олар пейіште тостағанға таласады. Онда бір орынсыз сөйлеу де күнәкарлықта болмайды.

(52:24) Оларға сәдептегі інжу тәрізді жастар айналып, қызмет етеді.

(52:25) Олар бір-біріне қарама-қарсы отырып хал сұрасады:

(52:26) “Расында біз, бұрын семьямызда да қорқушы едік” деседі.

(52:27) “Сондықтан Алла бізге игілік етті де заһарлы азаптан қорғады.”

(52:28) “Расында біз, бұрын Аллаға жалбарынушы едік. Өйткені Ол, игілік істеуші, ерекше мейірімді” (деседі).

(52:29) Ал енді үгіттей бер. Өйткені сен Раббыңның нығметі арқасында бақсы да, жынды да емессің.

(52:30) Немесе олар сені: “Ол бір ақын. Сондықтан оған жаман заманның болуын тосамыз” дейді.

(52:31) Оларға: “Күтіңдер. Мен де сендермен бірге күтемін” де.

(52:32) Немесе оларға бұны ақылдары әмір ете ме? Не олар азғын бір ел ме?

(52:33) Я, болмаса олар: “Кұранды өзі жасап алды” дей ме? Жоқ, олар иман келтірмейді.

(52:34) Ендеше, егер олар шыншыл болса, (Құран) сияқты бір сөз келтірсін.

(52:35) Немесе олар еш нәрсесіз жаратылды ма? Не жаратушы өздері ме?

(52:36) Яки олар, көктер мен жерді жаратты ма? Жоқ, олар нанбайды.

(52:37) Немесе Раббыңның қазыналары олардың қасында ма? Я, олар игеруші ме?

(52:38) Немесе, олардың шығып тыңдайтын сатылары бар ма? Онда олардың тыңдаушылары ашық бір дәлел келтірсінші!

(52:39) Немесе қыздар Алланікі де ұлдар сендердікі ме?

(52:40) Не сен олардан ақы тілеп сондықтан олар ауыр борышқа жығылды ма?

(52:41) Немесе олардың қасында ғайыптың мәліметі бар да олар соны жаза ма?

(52:42) Не болмаса, олардың бір әдіс қылғылары келе ме? Сонда қарсы болғандардың өздері тұзаққа түседі.

(52:43) Әлде олардың Алладан басқа тәңірі бар ма? Алла олардың қосқан теңеулерінен пәк.

(52:44) Олар аспаннан түсіп келе жатқан бір кесек көрсе де: “Шоғырланған бұлт” дейді.

(52:45) Енді оларды жоқ болатын күндеріне жолыққандарына дейін қойып қой.

(52:46) Ол күні оларға әдістері ешбір пайда бермейді, әрі оларға көмек те етілмейді.

(52:47) Шүбәсыз ондай залымдарға одан өзге де азап бар. Бірақ олардың көбі түсінбейді.

(52:48) Раббыңның үкіміне сабыр ет. Өйткені сен көз алдымыздасың. Орныңнан тұрған шақта, Раббыңды мақтай дәріпте.

(52:49) Түннің бір бөлімінде және жұлдыздар батар кезде де дәріпте.